«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейіне құжаттарды электрондық форматта қабылдау онлайн түрде жүзеге асырылатыны хабарланады

Құрметті ата-аналар және 6-сынып оқушылары!
«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейіне құжаттарды электрондық форматта қабылдау рәсімі 2020 жылдың 18 мамырынан - 17 маусым күніне дейін онлайн түрде жүзеге асырылатыны хабарланады. Пандемия кезеңінде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермес үшін, үміткерлерді тіркеу онлайн түрде жүргізіледі.
Үміткердің ата-анасы (немесе заңды өкілдері) онлайн-форманы және www.bilemtihan.kz сілтемесі бойынша қабылдау емтиханына қатысу өтінішін толтырады.
Қабылдау емтиханына қатысу үшін төмендегі құжаттар қажет:
1) үміткердің ата-анасынан немесе заңды өкілдерінен өтініш (форма бойынша);
2) туу туралы куәлігінің көшірмесі, ЖСН (ИИН);
3) 3х4 көлеміндегі фотосурет.
Құжаттардың түпнұсқалары талап етілмейді!
Қабылдау емтиханы 2 кезеңнен тұрады:
1-кезең. 2020 жылдың 18-19 маусым күндері өткізіледі. Үміткер математика және логика, қазақ тілі және Қазақстан тарихы пәндері бойынша тест сұрақтарынан тұратын емтихан тапсырады. 1-кезең нәтижелері қабылдау комиссиясы тарапынан 2020 жылдың 25 маусымында онлайн түрінде жарияланады. Ата-аналар нәтижелерді сайтта жеке коды бойынша көре алады.2-кезең. 2020 жылдың 28 маусым күні өткізіледі. Оған қабылдау квотасы бойынша 1-кезеңде жоғары ұпай жинаған үміткерлер жіберіледі. 2-кезеңнің емтихан тапсырмалары 1-кезеңдегі пәндер бойынша 75 тест сұрағынан тұрады. 2-кезең нәтижелері 2020 жылғы 6 шілдеде www.bilemtihan.kz сайтында жарияланады.
Ата-аналар (немесе үміткердің заңды өкілдері):
- үміткерді конкурсқа қатысу үшін дұрыс ақпарат ұсына отырып тіркеуі;
- кез келген ауру белгілері байқалған жағдайда емтиханға үміткерді әкелмеуі;
- үміткерді бетпердемен қамтамасыз етуі;
- үміткердің емтиханға алдын ала келуін қамтамасыз етуі және емтихан аяқталғаннан кейін оны бірден алып кетуі керек.
Құжаттарды қабылдау ғана ОНЛАЙН түрде өтеді
«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінде күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанына байланысты қабылдау емтиханы №23 орта мектеп-лицейінде (Сәтбаев көшесі, 13) өткізіледі.
Қабылдау емтиханы кезінде барлық санитарлық талаптар мен оқушылар арасындағы арақашықтық сақталып, тері антисептиктері көзге көрінетін, қолжетімді орындарда орнатылады. Баршаңызға сәттілік!