2017 жылғы 5 мамырда жыл бойы жұмыс жасайтын қала сыртындағы оқу-сауықтыру «Әсем» лагерінің жазғы маусымы жұмысын бастады.

Ақтөбе облысы балаларының жыл бойы демалысын ұйымдастыру жобасы облыс әкімі Б. Сапарбаевтың бастамасымен іске асырылуда.
«Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы Ақтөбе облысы білім басқармасының қолдауымен ұзақтығы 12 күннен тұратын 14 ауысымның жобасын әзірледі.
Ауысымдар әр түрлі тақырыптарда өтеді. Мәселен, лагердің І ауысымы Ұлы Жеңіс Күні қарсаңында "Ұлы Жеңіс – біз үшін!" тақырыбында өтуде.
Облысымыздың 115 оқушысы табиғат аясында белсенді демалуымен қатар жалпы білім беретін пәндер бойынша өз білімдерін жетілдіру мүмкіндігін алды.
Ауысым бағдарламасы бойынша «Өзін-өзі тану», «Математика», «Экономика» пәндерінен сабақтар өтіп, бейнелеу өнері үйірмелері жұмыс жасайды.
«Сүйем сені туған өлкем!» тақырыбындағы келесі ІІ ауысым а.ж. 19-30 мамыр аралығында өтеді. Бүған әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері мен түрлі туристік жиындар жеңімпаздары шақырылады.