"Өскелең ұрпақтың азаматтық және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырудағы ата – ана рөлінің өзектілігі" республикалық ата – ана Съезінің өткізілуі туралы мәлімет

"Өскелең ұрпақтың азаматтық және әлеуметтік жауапкершілігін
қалыптастырудағы ата – ана рөлінің өзектілігі" республикалық
ата – ана Съезінің өткізілуі туралы мәлімет
Отбасы – ең үлкен, мықты тәрбие ошағы, шағын мемлекет. Отбасының негізі баланы өмірге келтіру ғана емес, оған мәдени- әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжірібиесін бойына сіңіру. Баланы қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу. Бұл міндеттерді іске асыруда отбасы мен мектептің, тіпті бүкіл қоғамның бірлескен іс-әрекеті қажет. Бүгінгі күннің негізігі мәселесінің бірі-отбасы мен мектептің ынтымақтасты қызметін үйлестіру ісі болып отыр.
Бала тұлғасын тәрбиелеуде отбасы және мектептің өзара әркетінің негізгі стратегиялық бағыттарын анықтауда қоғамдық институттардың жұмыстарын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен Ақтөбе облыстық білім басқармасы "Өскелең ұрпақтың азаматтық және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырудағы ата – ана ролінің өзектілігі" тақырыбында Республикалық ата – аналар Съезін өткізді.
Ата-аналардың 1-ші Республикалық Съезі 2015 жылдың 21 – 22 сәуірінде «Нұр Отан» партиясы ғимаратының күмбезді залында үлкен салтанатпен ашылды.
Съезд жұмысына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министріИманғалиев Есенғазы Нұртөлеуұлы, Білім саласы бақылау комитетінің төрағасы Нүсіпов Саят Нұрмұхамбетұлы, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Кемалова Роза Кеңесқызы, облыстық және Астана, Алматы қалаларының ата – аналар және қамқоршылық кеңесінің төрағалары, білім беру органдарының басшылары, білім беру жүйесіндегі кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, Қазақстан халқы Ассемблеясының өкілдері, ата-аналар, білім беру ұйымдарының сынып жетекшілері, мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтар, мектеп инспекторлары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, БАҚ өкілдері, барлығы 350-ден астам адам қатысты.
Съезд бағдарламасына сәйкес Ақтөбе облысының білім беру ұйымдарының білім беру, тәрбиелеу үрдісінде педагогтар мен ата – аналардың ынтымақтастық әрекеттерінұйымдастыру тәжірибесінен шебер-кластар, «Мектепке дейінгі білім беру орталықтарының өміріне отбасыларының қатысуы», «Білім беру үдерісінде балалар мен ересектер арасындағы ынтымақтастық», «Өмірлік қиын жағдаяттарға тап болған отбасыларға әлеуметтік-құқықтық қолдау» тақырыптарында панельдік сессия жұмыстары ұйымдастырылды.
Пленарлық отырыста делегаттар тәрбие саласындағы Қазақстан Республикасының ұлттық саясаты, отбасы мен мектеп арасындағы өзара әрекеттер, балаларға рухани-адамгершілік тәрбиесін беру, ата-аналар қауымдастығының бала тәрбиесіндегі қызметінің тиімділігін арттыру жолдары, өскелең ұрпақтың азаматтық және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырудағы ата-ана ролі, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі құқықтық жауапкершілігі, елімізде жетімдер санын азайту мақсатындағы патронаттық тәрбие жүйесі мәселелері талқыланды.
Панельдік сессияға қатысушылар ата-аналар комитеті қызметінің және оны сайлау ретінің ережелерінің жобасын, отбасы мен білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтасты байланыс орнату және нығайту жолдарын қарастырды.
Съезд жұмысы аясында Ақтөбе қаласындағы ең әсем «Думаш» мейманханасында соғыс жылдары дүниеге келген ұстаздар, мектеп оқушылары мен Съезд делегаттарының кездесуі ұйымдастырылды: соғыс ардагері Досиұратов Сұлтан, батыр ана- Уразалиева Ажар соғыс кезіндегі өмір қиындықтары мен облыстың білім беру жүйесінің дамуына қосқан өз үлестері туралы естеліктерімен бөлісті. Кездесуге келген оқушылар ата дәстүрі мен ерлігін, отанына деген сүйіспеншілігінің жалғастырылуына сенім білдірді. Кездесуге ата-аналардың бірінші Республикалық Съезінің делегаты Білім және ғылым вице-министрі Иманғалиев Есенғазы Нұртөлеуұлы қатысып, жиналған ақсақалдарға жылы лебізін білдіріп, сый-сияпатын ұсынды.
«Жеңістің өшпес жұлдызы» - қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова ескерткішіне гүлшоқтарын қою рәсімі салтанатты түрде өтті. Ескерткіш жанында «Жас ұшқыштар» мектебінің курсаттары, оқушы жастар салтанатты сап түзеп, ата-аналар мен Съезд қонақтарын соғыс жылдарындағы сазды әуен ырғағымен қарсы алды. Вице-министр «Жас ұшқыштар» мектебінің үздік екі курсантының ілеуімен Әлия ескерткішіне гүлшоғын қойып, ел батырына тағзым етті. «Әлия-Мәншүк» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес сөз алып, қазақтың қос батыр қызы - Әлия мен Мәншүк ерлігі мәңгі ел есінде қалатынын айта келіп, жиналған жастарды туған елі мен Отанының жарқын болашағы үшін сапалы білім, саналы тәрбие алуға шақырды. Осы сөздердің айғағы ретінде №27 ОМ оқушысы шырқаған С.Бәйтерековтің ссөзіне жазылған «Әлия» әні жиналғандар көз алдына батыр апамыздың рухын елестетіп, патриоттық сезімдерін оятты.
Бабаларымыз «адамның бір парызы-ағаш егу»,- деп, өсиет қалдырып, табиғатты аялай отырып, ұрпағының рухани баюын көздеген көрегендігін үлгі тұтқан Съезд делегаттары мен Ақтөбе қаласы мектептерінің ата-аналары, оқушыларАқтөбе қаласындағы еліміздің тұңғыш Президенті атындағы саябағында “Ата – аналар аллеясына” ағаштар (көшеттер) отырғызып, қалалықтардың алғысына бөленді.
Съезд жұмысын қорытындылай келе делегаттар Ата-аналар съезінің қарарын қабылдады.